Все публикации с 2013 по 2020 год
доступны по данной ССЫЛКЕ

Дәрі-дәрмек бағасы мен қолжетімділігі: пациенттерге тәуекел қай тұста туындайды?

Дәрі-дәрмек бағасы мен қолжетімділігі: пациенттерге тәуекел қай тұста туындайды?

Қазақстанның фармацевтикалық нарығы күрделі кезеңге қадам басты: логистикалық шығындар мен инфляция өсіп жатқан жағдайда базалық дәрілердің қолжетімділігін қалай сақтау керек? Бұл мәселенің ықтимал шешімі ретінде Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдан бастап құны 1 АЕК-ке дейінгі дәрілік заттардың бағасын дерегуляциялауды қарастыруда.
Аталған бастама пациенттер, бизнес және мемлекет мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Бұл шараның маңызы туралы біз EUROBAK Денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Павел Хегаймен әңгімелестік.


– Бөлшек сауда сегментінде құны 1 АЕК-ке дейінгі рецептілік дәрілердің бағасын дерегуляциялау мәселесі бүгінде неге ерекше өзекті?
– Бағасы 1 АЕК-ке дейінгі (2026 жылы 4 325 теңге) препараттар көбіне базалық терапияның негізі әрі дәріхана ассортиментінің басты бөлігін құрайды. Пациенттер дәл осы санаттағы дәрілерді жиі сатып алады.
Қазіргі таңда логистикалық шығындар мен инфляцияның өсуі жағдайында №247 бұйрыққа өзгерістердің енгізілмеуі бұл сегменттің икемділігін шектеп отыр. Мұндай препараттарды өндіру мен импорттау тиімсіз бола бастады, сондықтан дәл осы арзан санаттағы дәрілер дәріхана сөрелерінен бірінші болып жоғалып кету қаупіне ұшырайды.
Айта кету керек, коммерциялық сегменттегі дәрілік заттар бағасын дерегуляциялау мәселесі ҚР Президентінің «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығында айқындалған бағытқа толық сәйкес келеді. Мемлекет басшысы нарықтық үдерістерге мемлекеттік араласуды азайту қажеттігін нақты атап өткен.
Қазақстан дәрі-дәрмек бағасын қатаң реттейтін санаулы елдердің бірі екені де белгілі. Денсаулық сақтау министрі бұған дейін фармацевтикалық индустрия өкілдерімен жүргізілген диалог нәтижесінде 2026 жылдан бастап құны 1 АЕК-тен төмен препараттар бағасын дерегуляциялау мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеген еді.
Мұндай шешімнің негізгі мақсаты – төмен баға сегментіндегі препараттардың нарықтан «жоғалып кетуіне» жол бермеу және өндірушілерге қолдау көрсету. Біз министрдің дәл осы санаттан бастау қажет деген ұстанымын толық қолдаймыз. 1 АЕК-ке дейінгі сегментте ойыншылар саны көп, сондықтан бәсекелестік бағаны мемлекеттік бұйрықтарға қарағанда тиімді реттей алады.
Сонымен қатар дәл осы сегмент инфляция мен өндірістік шығындардың өсуіне қатты әсер етеді. Баға қатаң бекітілген жағдайда мұндай дәрілерді шығару тиімсіз болып, зауыттар оларды өндірістен алып тастауға мәжбүр болады.
Кезең-кезеңімен іске асырылатын мұндай тәсіл өзін ақтаған. Бұған дейін дәрілердің үлкен тізімі дерегуляцияланған кезде баға нарықтық тетіктер мен адал бәсекенің арқасында тұрақтанған болатын.
– Бұл шешім пациенттерге қалай әсер етуі мүмкін?
– Қызығы сол, арзан сегментті дерегуляцияламау халық шығынын азайтпай, керісінше арттыруы мүмкін. Егер базалық санаттағы препараттар нарықтан кетсе, пациенттер қымбатырақ дәрілерді сатып алуға мәжбүр болады.
Халықаралық тәжірибе де мұны растайды: бағаны шамадан тыс қысыммен реттеу жүздеген өмірлік маңызды препараттың жоғалуына әкелген жағдайлар бар. Себебі олардың нақты өзіндік құны мемлекет белгілеген шекті бағадан жоғары болған. Нәтижесінде билік дәрілерді нарыққа қайтару үшін бағаны шұғыл түрде көтеруге мәжбүр болған.
Ең үлкен тәуекел – қолжетімді әрі сапалы, өмірлік маңызды дәрілердің тапшылығы. Егер сапалы препараттар баға қысымына байланысты қолжетімсіз болып қалса, олардың орнын «сұр» импорт немесе қауіпсіздігі мен тиімділігі күмәнді өнімдер басуы мүмкін.
– Қазіргі жағдайда ең ұтымды шешімдер қандай?
– Ең алдымен, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) және МӘМС тізімдеріне кірмейтін рецептілік препараттардың бағасын дерегуляциялау қажет. Бұл тізімдер мемлекеттік сатып алу сегментіне жатады және онда өзге экономикалық қағидаттар қолданылады.
Бірінші кезең ретінде коммерциялық секторда құны 1 АЕК-ке дейінгі препараттардан бастау орынды. Бұл ең сұранысқа ие дәрілердің тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар №247 бұйрықтың жаңа редакциясында 1 АЕК – еркін баға қалыптастыру аймағына кіру шегі екенін нақты бекіту маңызды. Ол жаңа шекті баға емес, еркін нарыққа өтудің межесі болуы тиіс.
Параллель түрде баға қалыптастыру әдістемесін жетілдіру қажет. Нарық қатысушылары үшін болжамдылық пен айқындық маңызды. Бағаны қайта қараудың ашық әрі түсінікті механизмі қажет, ол алдын ала келісусіз біржақты шешім қабылдау тәуекелін болдырмауы тиіс.
Коммерциялық сегментте әділ баға қалыптастыру үшін референттік елдердің бөлшек нарығындағы деректерге және салыстырмалы дәрілік түрлерге сүйену орынды. Бұл үдерісте өндірушілермен тікелей диалогтың маңызы зор. Олардың сенімді деректері сараптамалық ұйымдарға толық көрініс береді.
Нақты коммерциялық сектор деректерін пайдалану әдістемені ашық етеді және ең бастысы – дәріхана сөрелерінде қажетті дәрілердің физикалық түрде болуына кепілдік береді.
– Бизнес тағы қандай қадамдарға дайын?
– Фармацевтикалық қауымдастық ең алдымен елдің дәрілік қауіпсіздігін сақтауды көздейді. Біздің басымдық – бизнес мүддесін қорғау ғана емес, пациенттер үшін терапияның үздіксіздігін қамтамасыз ету.
1 АЕК-ке дейінгі сегментті дерегуляциялау – заманауи әрі салмақты шешім. Ол халық үшін дәрілердің қолжетімділігін сақтайды, бизнестің тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды және мемлекеттің экономиканы ырықтандыру бағытына сәйкес келеді.
Әдістемедегі әрбір көрсеткіштің артында нақты бір препараттың тағдыры тұрғанын түсінеміз. Сондықтан ассортименттің кеңдігін сақтап, тапшылыққа жол бермейтін теңгерімді тәсілді қолдаймыз. Денсаулық сақтау жүйесі мен пациенттер үшін орнықты шешімдер әзірлеу мақсатында конструктивті диалогқа әрдайым ашықпыз.

885 pharmФармацевтическое обозрение Казахстана

Image