Все публикации с 2013 по 2020 год
доступны по данной ССЫЛКЕ

События

Қазақстанда психикалық денсаулықты қолдауда мемлекеттің, медицинаның және отбасының рөлі талқыланды

Қазақстанда психикалық денсаулықты қолдауда мемлекеттің, медицинаның және отбасының рөлі талқыланды

14 қазанда Астанада Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай (жыл сайын 10 қазанда атап өтіледі) «Психикалық денсаулық – экономикалық және әлеуметтік ресурс: мемлекеттің, медицинаның, технологиялардың және отбасының рөлі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шараға медициналық қауымдастықтың, фармацевтика индустриясының, мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың және пациенттердің ата-аналарының өкілдері қатысты.

gr 16 10 2025 02

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде бір миллиардтан астам адам психикалық ауытқулардан зардап шегеді. Тек депрессия мен мазасыздықтың салдарынан әлемдік экономикаға келетін жылдық шығын бір триллион доллардан асады.

Қазақстанда халықтың шамамен 4,4 пайызы депрессивті бұзылыстарға шалдыққан, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 3,9 пайызға жоғары. Мұндай мәліметті Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Алтынай Есқалиева келтірді. Оның айтуынша, 2025 жылы динамикалық бақылауда 315 мыңнан астам адам тұр, олардың ішінде психобелсенді заттарды қолдануға байланысты емес психикалық ауытқулары бар адамдар саны 205 мыңнан асады.

gr 16 10 2025 03

Астананың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенконың айтуынша, қазіргі медицинаның даму деңгейіне қарамастан, көптеген пациенттер әлі де болса көмекке жүгінуден қорқады. Ал заманауи фармацевтика психикалық ауытқулары бар адамдарға өмір сапасын сақтауға мүмкіндік беретін қауіпсіз әрі тиімді шешімдерді ұсынады.

Ол үшінші буын антипсихотиктердің артықшылықтарына тоқталды.

«Мұндай препараттарды қабылдағаннан кейін пациенттің когнитивтік функциялары — жад, зейін, көңіл-күйі жақсарады. Соның нәтижесінде емге бейілділік артады, яғни ол дәрі қабылдауды тоқтатпайды. Ұзақ мерзімді перспективада бұл әлеуметтік бейімделудің жақсаруына әкеледі. Үшінші буын препараттарына көшу тәжірибелік тұрғыдан симптомдарды бақылаудан науқастың функционалдық қалпына келуіне бетбұрыс жасайды», — деді ол.

gr 16 10 2025 04

Фармацевтика индустриясының пациенттерді заманауи дәрілік препараттармен қамтамасыз етудегі маңызды рөлін «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының бас директоры Павел Хегай атап өтті. ДДСҰ деректері бойынша, әлемде депрессия мен мазасыздық бұзылыстары психикалық аурулардың ішінде экономикалық салмағы бойынша алдыңғы орындарда тұр.

«Қазақстанда психикалық бұзылыстар денсаулық сақтау жүйесіне, еңбек нарығына және әлеуметтік шығындарға әсер етеді. Сондықтан пациенттердің халықаралық стандарттарға сай инновациялық дәрілерге қолжетімділігін қамтамасыз ету аса маңызды. Адам ем қабылдап, жұмысқа қайта оралғанда, бұл экономикалық нәтиже береді. Бір ремиссиядағы пациент – қосымша бір салық төлеуші және толыққанды өмір сүріп жатқан бір отбасы», – деді ол.

«Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының қолдауымен «Рахмет, дәрігер» әлеуметтік жобасы аясында психикалық денсаулық саласында бірқатар бастамалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, шизофрения туралы білім беру сайты құрылып, «Шизофрения деген қандай болады? Жақындарына арналған кітап» атты басылым мемлекеттік тілге аударылды. Бұл кітап пациенттердің туыстарына арналған және диагноз қойылған адамдарды түсінуді және қолдауды арттыруды мақсат етеді.

Global Green Hub цифрлық әлеуметтік жобалар ұйымының жетекшісі, ерекше қызы бар ана Әсел Сейфуллина осы кітап негізінде жасанды интеллект элементтері бар электронды көмекші әзірлеу жоспары туралы бөлісті. Сондай-ақ ол шизофрения диагнозы бар балаларға арналған оңалту орталығын ашу қажеттігін атап өтті.

Дөңгелек үстел қатысушыларының пікірінше, психикалық денсаулық – бұл тек диагноз қойылған адамдар мен дәрігерлер ғана шешетін медициналық мәселе емес, бұл қоғамның стратегиялық міндеті.

Image